Skip to content

Маңғыстауда мектепке құжат тапсыру тәртібі түсіндірілді

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, бірінші сыныпқа қабылдау процесін жетілдіруге бағытталған пилоттық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Осыған сәйкес 2026–2027 оқу жылына республика бойынша 1-сыныпқа қабылдау 2026 жылғы 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында жүргізіледі. Соның ішінде, Маңғыстау облысында құжат қабылдау 2026 жылғы 29 маусым мен 31 тамыз аралығында жүзеге асырылады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Клара Құлатаева айтты.

Спикердің айтуынша, Маңғыстау облысында мектепалды даярлық бағдарламасын меңгерген және сол білім беру ұйымында оқуын жалғастыруға ниет білдірген балалар бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылданады.

-Баланы басқа мектепке бергісі келетін ата-аналар құжаттарды жалпы негізде тапсырады. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына сәйкес, балалар 1-сыныпқа ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады. Мемлекеттік қызмет көрсету форматы – электронды және қағаз түрінде. Қазақстан азаматтары үшін ата-ананың немесе заңды өкілдің өтініші, 052-2/у нысанындағы денсаулық паспорты, 065/у нысанындағы медициналық анықтама, 3×4 көлеміндегі 2 фотосурет және қажет болған жағдайда ПМПК қорытындысы қажет. Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар қосымша өз мәртебесін растайтын құжат ұсынады (ықтиярхат, босқын куәлігі және т.б.), – деді Клара Құлатаева.

Сондай-ақ, спикер брифинг барысында құжат тапсыру мүмкіндіктеріне тоқталды.

-Өтінішті үй жағдайында онлайн және мектептердегі өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары арқылы тапсыруға болады. Құжаттар толық ұсынылмауы немесе мерзімінің өтуі жағдайында, мәліметтердің шынайы болмауы, талаптарға сәйкес келмеуі, сыныптағы орын санының толып кетуі жағдайында қабылданбайды. Толық ақпаратты білім беру ұйымдарының ресми сайттарынан және www.egov.kz порталынан алуға болады, – деді спикер.

Айта кетейік, құжаттар дүйсенбі–жұма аралығында сағат 09:00–18:30 дейін қабылданады.

Leave a Reply